Жигули Дайрабаев жылжымайтын мүлікке қатысты айыптауларға жауап берді

Мәжіліс депутатының айтуынша, Меркедегі үй заңды түрде алынған, үй иелерінің құқықтары сақталған. “Мені екі эпизод бойынша кінәлап жатыр екен. Біріншісі Меркеде сатып алынған үй болса, екіншісі – Кеңес ауылындағы жер. Үйге байланысты ақша талап етіп жүрген азаматты танымаймын да. Білуімше, ол үй сатқан әйелдің бұрынғы жұбайы. Ол азамат менің осы лауазымымды пайдаланып, бопсалау жолын таңдаған. Айта кетейін, мұндай әрекет бірінші рет емес. Осыдан біраз уақыт бұрын мені кінәлаған адам мені қаралаған үшін соттың шешімімен жазаланып, айыппұл төлеген болатын. Бұл әрекетін тоқтатпаса, қайтадан сотқа жүгінуіме тура келеді”, – деді ол Facebook-парақшасында. Жигули Дайрабаев дау болып жүрген Кеңес ауылындағы жер мәселесі 20 жыл бұрын басталғанын айтты. “Жерге қатысты компанияның иелері – ағайынды Иембердиевтер. Жердің де, ақшаның да иесі – осылар. Менің бұл іске ешқандай қатысым жоқ. Кезінде мен тек жалдамалы қызметкер болдым. Меркі ауданында 1 метр де жерім жоқ. Ауыл тұрғындары мені негізсіз кінәламай, қайта көмегіме жүгінгені дұрыс еді. Әлі де кеш емес”, – дейді Дайрабаев.