Қостанай облысындағы ірі өртке қатысты орман шаруашылығы басшысының соты өтіп жатыр

“Басаман” орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Асғат Жақашевке қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Айыптаушы тараптың айтуынша, орман өрттері сотталушы Асғат Жақашевтың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жүйелі түрде жасауы салдарынан болған. “Жауапкер 2019 жылдың 25 желтоқсанында “Басаман” орман шаруашылығы мекемесінің басшысы лауазымына тағайындалған. Осы кезден бастап Жақашев баю және жеке пайда табу мақсатында заңсыз ағаш кесу үшін учаскелерді сатумен айналыса бастаған. Жақашев жұмыс істеген кезде оның Kaspi-дегі жеке кабинетіне 15 миллион теңге түскен. Заңсыз орман кесуден мемлекетке келтірілген жалпы шығын 505 текше метр болып, ақшалай есептегенде 4 324 956 теңге болған”, – деп прокурор Таңат Тасов айыптау актісін оқыды. Адвокаттар айыптау нұсқасымен келіспеді. Қорғаушы тараптан оқиға орнында сот өрт-техникалық сараптамасын жүргізуді сұрады. Сот өтінішті қанағаттандырды. Сотталушы өз кінәсін мойындамады. Еске салайық, 2022 жылдың күзінде Қостанай облысында бірнеше орман өрті болған еді.