«7-20-25» бағдарламасы келер жылы жалғасын табады

“7-20-25” бағдарламасы жаңа жылдан кейін де жалғасын табуы мүмкін. Ұлттық банк осындай болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Ұлттық банк бағдарламаның нақты қашан аяқталатыны белгісіз екенін атап өтті. Өйткені жеңілдетілген ипотека 1 трлн теңге мөлшеріндегі ақшалай лимит толығымен игерілгенге дейін беріледі. “Қазіргі қарқынды ескере отырып, мақсатты қаражат 2023 жылдың ішінде игерілуі мүмкін деп болжауға болады”, – деді Ұлттық банк. Екінші деңгейлі банктерге “7-20-25” бағдарламасы іске қосылғалы бері 300 мыңнан астам өтінім түскен. 27 қазандағы жағдай бойынша қазақстандықтарға 745,5 млрд теңгеге 56 996 қарыз берілді. Әлі игерілмеген 250 млрд теңгеден астам ақша бар.