9 қазанда Астананың сол жағалауындағы жолдар жабылады

9 қазанда Астананың сол жағалауындағы жолдар жабылады. Марафонға байланысты бірнеше көшеде қозғалыс шектеледі. Жергілікті полиция департаменті демалыс күні 7:00-ден 13:00-ге дейін Astana Marathon-ға қатысушылар екі бағытта жүгіретінін хабарлады. 1-бағыт: «Экспо» аумағынан шығып, Рысқұлов — Кабанбай батыр — Ұлы Даладан Нәжімеденовке дейін жүгіреді де, Ұлы Дала даңғылына кері бұрылады. Әрі қарай К1 — Оңтүстік және Оңтүстік-Батыс айналма жол — Қарқаралы — Қабанбай батыр — Хұсейн Бен Талал — Қабанбай батыр — Рысқұлов арқылы өтіп, «Экспо» аумағында жарысты аяқтайды. 2-бағыт: «Экспо» аумағынан шығады, Рысқұлов — Кабанбай батырға жеткен соң «Будапешт» тұрғын үй кешеніне жақын жерден кері бұрылып, Қабанбай батыр — Орынбор — Мәңгілік Ел — Рысқұловпен жүгіреді де, «Экспо» аумағында мәре сызығын кесіп өтеді. Тәртіп сақшылары жүргізушілерден бағытын алдын ала жоспарлап, жол ережесін қатаң сақтауды сұрайды.