Алматыда жаңа халықаралық деңгейдегі футбол стадионы салынады. Дизайнерлердің айтуынша, стадион 35 мың көрерменге есептелген және УЕФА-ның 4-санат талаптарына сай келеді. Жоба аясында жаттығу алаңдары, жанкүйерлерге арналған демалыс орындары, заманауи қауіпсіздік жүйелері және аумақты абаттандыру қарастырылған. Стадион аумағы шамамен 15 гектар жерге тең болатын Құлжа мен Талғар тас жолдарының арасында салынады. “Келер жылы құрылыс-монтаждауды бастау керек. Болашақта бұл жерде метро станциясы мен Алматы логистикалық хабын салу жоспарланып отыр”, – деді қала әкімі. Ал 65 жылдан аса тарихы бар Орталық стадион сақталып, жеңіл атлетика инфрақұрылымына сәйкес жаңғыртылады.
