Ақтөбе облысында жергілікті грант иегерлері анықталды

Ақтөбе облысында жергілікті грант иегерлері анықталды. 2025–2026 оқу жылына бакалавриат деңгейінде білім алуға 40 грант бөлінген. Жоғары білімді мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі конкурстық комиссия мүшелері талапкерлердің өтініштерін қарады. Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева грантқа қабылдау 5 сала, 24 мамандық бойынша жүргізілгенін мәлімдеді. Конкурсқа барлығы 59 өтініш түскен. Грант иегерлері 2025 жылғы ҰБТ нәтижелеріне сәйкес анықталды, ал балл тең болған жағдайда оқу үлгерімі мен әлеуметтік жағдай ескерілді. Бір қызығы, математика, физика, режиссура, сценография, орындаушылық өнердің бірқатар бағыты және инженерлік мамандықтарға түсуге ниет білдірген үміткерлер болмаған. Осыған байланысты бос қалған 16 грантты сұранысы жоғары мамандықтарға қайта бөлу ұсынылды. Қабылданған студенттердің оқу үлгеріміне тұрақты мониторинг жүргізіліп, бітірушілердің еңбекке орналасуы бақылауға алынады.