Алматыда қолдан сатып алған тауар ұрланған зат болып шыққан

Алматы прокуратурасына 12 азамат хабарласып, қолдан сатып алған тауарларының ұрланған зат болып шыққанын айтқан, деп хабарлайды «Хабар 24». «Бұл жаңадан іске қосылған Urlangan.kz сайтының арқасында мүмкін болып отыр», – дейді қалалық прокуратура өкілдері. Алматы қаласында кейінгі 3 жылда 10 мыңнан астам бөтеннің мүлкін ұрлау дерегі тіркелген. Мұндай қылмыстардың саны жыл сайын артып келеді. Ең сорақысы, ұрланған заттар нарықта еш кедергісіз сатылып жатыр. Себебі, тұрғындардың тауарды тексеруге мүмкіндігі жоқ. Енді, азаматтар алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін, кез келген зат сатып аларда Urlangan.kz сайтына кіріп, сериялық номер арқылы тексере алады. Қолды болған компьютер, теледидар, смартфон, сағат секілді бағалы бұйымдардың сайтта сериялық номерлері көрсетілген.