Қазақстан президенті ауыл әкімдерінің сайлауы туралы еске салды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жексенбіде өтетін ауыл әкімдерінің сайлауы туралы еске салды. Сондай-ақ ол азаматтарды дауыс беруге белсенді қатысуға шақырды. Мемлекет басшысы бұл туралы өзінің ресми Twitter парақшасында жазды. “25 шілде күні Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Бұл оқиға саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді. Сайлаушыларды белсенді дауыс беруге шақырамын. Халықтың мүддесі үшін барлық қажетті өзгерістерді жүзеге асыру керек”, – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев. Еске сала кетсек, бұған дейін президенттің көмекшісі Ерлан Қарин 700-ден астам ауыл әкімі 25 шілдеде сайлауға түсетінін хабарлаған болатын.