Қазақстанда әкімдердің халықпен тұрақты кездесу өткізу нұсқаулығы белгіленді

Құжатты ашық НҚА порталында Ұлттық экономика министрлігі жариялады. Елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар ету үшін әкімдер жыл бойы халықпен тұрақты көшпелі кездесулер өткізуі тиіс. Жарлық жобасы бойынша шенеуніктердің азаматтармен өзара әрекеттесу механизмі нақтыланды. Кездесу алдында барлық деңгейдегі әкімдер «жергілікті тұрғындардың ең өткір және басым мәселелерінің пулын» жинайтын комиссия құруы қажет. Мәселелерді электрондық және дәстүрлі байланыс арналары арқылы қабылдайтын болады. Облыс әкімдері кездесу туралы азаматтарды бір ай бұрын, аудандардың, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың әкімдері екі апта бұрын, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің және қалалық аудандардың әкімдері бір апта бұрын хабарлауы тиіс. Енді өңір басшылары тоқсан сайын, айдың 25-іне қарай ресми интернет-ресурстарда және “электрондық үкімет” веб-порталында кездесулерде халық көтерген проблемалық мәселелерді шешу туралы ақпаратты орналастыруы тиіс. “Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулерін өткізу туралы” Жарлық жобасы 16 ақпанға дейін жария талқылауға шығарылды.