Бүгін Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері – Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн күні

Осыдан тура 28 жыл бұрын, 1992 жылдың 4 маусымында ҚР Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы, елтаңбасы және әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдарға қол қойған еді.

2007 жылы 4 маусымда қабылданған Конституциялық Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі.

Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып саналады. Айта кетейік,  Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлағандар 2 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.