Бас прокуратура “Дикий Арманға” қатысты жаңа мәлімет жариялады

Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев ОКҚ өткен брифингте “Дикий Арман” лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевтің қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде жасалған қылмыстарға белсенді түрде қатысқанын хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ. Серік Шалабаевтың сөзінше, бүлік, мемлекеттік нысандарды өртеу, мүлікті жою және терроризм актісі бойынша 5 мыңнан астам сотқа дейінгі тергеу басталған. Оның айтуынша, еліміздің әр өңірінде қылмысты ұйымдастырған 27 адам анықталған. Олардың қатарында Алматы әуежайына шабуыл жасап, “Көктөбе” телемұнарасын басып алмақ болғандар да бар. “Қылмыстық ортада “Дикий Арман” лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев пен оның сыбайластарының рөлі ерекше. Атап айтқанда, 6 қаңтарда оның қылмыстық тобына қатысушылардың бірі мен Алматы қаласындағы “Қазақстан” қонақ үйіне келгендерге Glock және “Макаров” маркалы тапаншалар таратылды. Осы уақытта қаруланғандар ұйымдастырушы мен оның қарамағындағы адамдардан тиісті нұсқаулар алды”, – деді Шалабаев. Шалабаевтың айтуынша, олар серіктестерін 10 адамнан тұратын топтарға бөліп, рөлдерін анықтаған. Өз ішінен басшылары сайланып, бронды кеудеше мен басқа арналған қорғаныс құралы, атыс қаруы мен 200 мың теңге таратылған.