Елімізде алғашқы АЭС 2035 жылға қарай пайда болуы мүмкін.

Бұл туралы Алматыда АЭС құрылысының экономикалық аспектілерін талқылау жөніндегі дөңгелек үстелде айтылды. Бүгінде әлем бойынша 441 атом электр станциясы жұмыс істейді. АЭС 32 елде бар, олардың ішінде АҚШ, Франция, Жапония және Үндістан көш бастап тұр. Алдағы уақытта алғашқы АЭС Беларусь, БАӘ, Бангладеш және Түркияда пайда болады. Бұл тізімге Қазақстан да қосылуы мүмкін. “Дайындық жұмыстарының кезеңі шамамен бес жыл болады. Жобаны іске асыру мерзімі шешім қабылданған күннен бастап шамамен 10-11 жылды алады”, – деді “Қазақстандық атом электр станциялары” бас директоры Тимур Жантикин.