Құмар ойынға құмартқан 305 шенеунік тексеріледі

Олар Алматы облысындағы ойынханада 507 миллион теңге жаратқан. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі осылай деп хабарлайды. Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде шенеуніктердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын талаптар айқындалған. “Кодекске сәйкес, мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік биліктің беделіне, мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттерге бармай, кез келген жағдайда әдеп нормаларын сақтап, елдің, мемлекеттің мүддесіне қызмет етуі тиіс”, – делінген агенттік хабарламасында. Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының прокуратурасы тексеру жүргізіп, 305 қазақстандық шенеуніктің ойынханада 507 миллион теңге жұмсағанын анықтады. Тексеру қорытындысы құзырлы органдарға тапсырылған болатын.