Министр Алакөл әуежайындағы жөндеуді тез арада аяқтауды тапсырды

Үшарал және Үржар әуежайларының жасанды ұшу-қону жолақтарын реконструкциялау жалғасып жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, ұшу-қону жолақтары мен перронды қайта жаңарту, жарық-сигналдық жабдық пен периметрлік қоршауды орнату көзделген. Жалпы әуежайлардағы қайта жөндеу қауіпсіздік пен сапа стандарттарының деңгейін арттыруға бағытталған. Жөндеу жұмыстарын Жетісу және Абай облыстарының әкімдіктері жүргізіп жатқаны белгілі болды. Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, Үшарал әуежайын қайта жаңарту жұмыстары 20 шілдеде, ал Үржар әуежайындағы жұмыстар тамыз айының басында мәресіне жетеді деп жоспарланған.