Министр әлеуметтік осал топтарға мектепке форма емес, ақша беруді ұсынды

Бұл туралы Асхат Аймағамбетов Facebook-парақшасында жазды. Министрдің айтуынша, “Жалпыға міндетті білім беру” қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларға көмек көрсету қағидаларына өзгерістер енгізуге бастама жасалған. “Қазіргі күні аталған қор халықтың әлеуметтік осал топтарына киім-кешек, аяқ киім, оқу құралдарымен қамтамасыз ету арқылы көмек көрсетеді. Енді бұл көмекті ақшаға айналдырып, ата-ананың шотына аудару ұсынылып отыр. Яғни ата-аналар балаларын мектепке дайындау үшін ең қажетті заттарды өздері сатып ала алады. “Жалпыға бірдей білім беру” қорының жұмысын ұйымдастыру және көмек көлемін белгілеу әкімдіктер құзырында және олардың есебіне қарай көмек мөлшері өзгеріп отырады (15 мыңнан 41 мың теңгеге дейін)”, – деп жазды министр.