Павлодарда анасы мен үш баласының өліміне қатысты жаңа дерек шықты

Бұған дейін Павлодар тұрғынының өз пәтерінен үш кішкентай баласы мен әйелінің денесін тапқаны жайлы хабарланған еді. Оқиғаға қатысты пікір білдірген полиция тонау нұсқасын жоққа шығарып отыр деп хабарлайды “Еуразия” бірінші арнасы. Жантүршігерлік оқиға жайында 9 қараша күні белгілі болған еді. Үйіне оралған Павлодар тұрғыны есігін аша алмай, болгаркамен бұзған. Ал үй ішінде барлық жанұя мүшесін, атап айтқанда, әйелі мен 7, 5 және 3 жастағы үш баласының денесін көрген.

Марқұмдардың денесінде азаптау белгілері бар. Қазір оқиға орнында криминалистер жұмыс істеп жатыр, алайда полиция қазірдің өзінде тонау нұсқасын жоққа шығарып отырғаны белгілі болды. Құқыққорғау органдарының мәліметінше, үй шашылмаған, құнды заттар жоғалмаған, ал есік ішінен жабық болған. Көршілері отбасының пәтерге бірнеше ай бұрын көшіп келгенін, аса қатты көзге түспегенін айтады. Сөздерінше, ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс те болмаған.

“Жанұя жақсы, жақсы адамдар”, – дейді марқұмдардың денесі табылған үй тұрғыны. Қазір полиция қылмыс мотивін анықтау үстінде. Телеарна ақпарынша, құқыққорғау органдары балаларды өз анасы өлтіруі мүмкін деген нұсқаны жоққа шығармайды. Бірақ, полицияда тергеу құпиялығына байланысты бұл мәселе бойынша пікір білдіруден бас тартқан. Айта кетейік, аталған фактіге байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімі (Екі немесе одан да көп тұлғаның өлімі) бойынша сот алды тергеу жұмыстары басталғанын, сот-медициналық сараптама тағайындалғанын хабарлаған едік.