Бауыржан Исламханның ағзасынан тыйым салынған препарат табылды

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бірнеше негізгі ойыншысы алдағы матчтарға қатыса алмайды деп хабарлайды ҚФФ ресми сайты. Атап айтқанда, жарақатына байланысты жартылай қорғаушылар Бактиёр Зайнутдинов, Серікжан Мужиков, Думан Нәрзілдаев, сонымен қатар орталық қорғаушы Сергей Малый әзірге ұлттық құраманың лагерінде жоқ.

Денсаулықтарына байланысты алдағы ойындарға қорғаушы Темірлан Ерланов пен жартылай қорғаушы Асхат Тағыберген де қатыспауы мүмкін. ҚФФ мәліметінше, Қазақстан құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан да көмекке келе алмайды. Азия Чемпиондар Лигасының ойынына байланысты футболшы тапсырған допинг-сынамадан кейін оның ағзасынан тыйым салынған препарат табылған. Ол уақытша ресми ойындардан шеттетілген.

Сондай-ақ беларусьтық “Руха” командасының жартылай қорғаушысы Владислав Васильев та әзірге ұлттық құрама сапында жоқ. Белгілі болғандай футболшының COVID-19-ға тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткен.