Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты марапаттады.
Ақорда резиденциясында XXV Қысқы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушыларын марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан үшін бұл Олимпиаданың орны ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар, Президент Михаилдың әкесі мен бапкеріне ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровтың жеңісі еліміз үшін теңдесі жоқ жетістік екенін айтты. «Біріншіден, бұл – 32 жылдан кейін қол жеткізілген тарихи жүлде. Екіншіден, бұл – мәнерлеп сырғанаудан ел қоржынына түскен алғашқы Олимпиада алтыны. Үшіншіден, күллі әлем елімізде әйгілі спортшы Денис Теннің жолын жалғастыратын дарынды жастардың бар екеніне куә болды. Михаил Шайдоровтың Олимпиадада көрсеткен керемет өнері, сөзсіз, тарихи жетістік, нағыз триумф. Кортина д’Ампеццо мұз айдынында отандасымыздың жұлдызы жарқырады», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев XXV Қысқы Олимпиада ойындарындағы жетістіктері үшін Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, бапкері әрі кеңесші Алексей Урмановты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. «Құрмет» ордені ҚР мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Әсем Қасановаға, жаттықтырушы Станислав Шайдоровқа және Қазақстандық мәнерлеп сырғанау федерациясының президенті Бауыржан Ералыға табысталды.
