Президент әкімшілігі Жириновскийдің “қазақ Талибаны”* деген сөзіне баға берді

Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Дәурен Абаев ресейлік саясаткер Владимир Жириновскийдің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. “Открытый диалог” бағдарламасында жүргізуші көрші елдің бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстандағы “тілдік патрульдерді” жаппай сынап жатқанын айтты. Ал ресейлік саясаткер Владимир Жириновский ол ұйымды Ауғанстандағы Талибанмен теңестірді. Осы орайда президент әкімшілігі басшысының орынбасары Дәурен Абаев Жириновский сияқты адамдардың сөзіне мән бермеуге кеңес берді. “Бізге Жириновскийдің Қазақстанға қатысты мәлімдемелеріне мән беруді қою керек. Бұл жерде шоудан басқа ештеңе жоқ. Сайлаудың алдында электорат ұпайын жинап алудың амалы көрінеді. Ал саясат мүлдем жоқ. Оны қолға қарындаш алып емес, попкорн жеп отырып, тыңдауға болады”, – деді Абаев.