Өрт сөндіруші көз жұмған өрттің шығу себебі белгілі болды

Өрт сөндіруші Асхат Забикулин опат болған, түнеукүнгі оқиғаның жай жапсары белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар 24». Өрт Астанадағы «Қаһарман» тұрғын үй кешенінде шыққан еді. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша ұзартқыш желіде ақау болған. Соның салдарынан сымның бойындағы тоқ тұйықталып, от шыққан. Дәл осы өрт кезінде 5 адам құтқарылып, есіл ер Асхат Забикулин опат болған еді. Жалпы соңғы 11 айда елордада 682 өрт тіркелген. Оның 105-і көпқабатты үйлерде болған.