Тоқаев: Республика күні – Көк түрік дәуірінен бергі елдігіміз тамырын тапқан күн

Еліміздің ең басты мейрамы – Республика күні Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бүгін мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Сондай-ақ мемлекет басшысы бұл Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн екендігін де айтты. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнап, Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашқан болатын.