Қызметкері үшін Талдықорған әкімінің орынбасары жұмыстан қуылды

Қызметкерінің қылмыстық әрекетке барғаны үшін Талдықорған әкімінің орынбасары жұмыстан қуылды деп хабарлайды Қазақпарат. Бұл ақпаратты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облыстық департаменті растап отыр. Қазір департамент Талдықорған қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысына және бас маманына қатысты істі тергеп жатыр. Айта кетейік, аталған бөлімнің басшысы қарамағындағы бас маманмен сыбайласып, шектеу шаралары кезінде бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанына қарамастан мейрамхана иелерінен және көшедегі сауда-саттық нүктелерінен 20 мыңнан бастап 270 мың теңгеге дейін пара алып отырған. Олардан бөлек тағы 5 мейрамхананың әкімшісі де пара бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.