Оңтүстік Кореяда жүрген қазақстандықтарға қатысты маңызды ақпарат жарияланды.
Қазақстан мен Корея заңсыз көші-қонды азайту және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша келіссөз жүргізді. Бұл туралы Еңбек министрлігі ресми хабарлады.
Келіссөз барысында Кореяда заңсыз жұмыс істеген қазақстандықтарға айыппұлсыз және қайта кіруге тыйым салынбастан елден ерікті түрде шығуға мүмкіндік беретін ерікті қоныс аудару бағдарламасының мерзімдерін кеңейтуге уағдаласты.
Отандастарымыз бұл мүмкіндікті 2025 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы ақпан айына дейін қоса алғанда пайдалана алады. Бағдарлама қылмыстық құқық бұзушылық жасаған, мәжбүрлеп шығару шарасына жататын, сондай-ақ 2025 жылғы 1 желтоқсаннан кейін заңсыз мәртебеге түскен шетелдіктерге қолданылмайды.
Бағдарламаға қатысу үшін төлқұжат, ерікті қоныс аудару туралы өтініш және әуе билеті қажет.
